Алматыда үндістандық студентті өлтірді деген күдікпен 31 жастағы әйел қамауға алынды, деп хабарлайды КТК.
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде білім алған Кумар Хемант қала ішінен бір түнге пәтер жалдап, ұсталған келіншекпен бірге көңіл көтерген. Таң ата жараланған студентті пәтер иесі көріп, жедел жәрдем шақыртыпты.
Алайда денесі бірнеше жерден тілгіленген 23 жастағы Кумар Хемант тілге келместен ауруханада көз жұмды.
Үндістанның Бхаратпур қаласының тумасы Кумар Хемант Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетітінің 3-курсында оқыған. Халықаларық медицина факультетінің ақылы бөлімінде білім алған шетел азаматы үлгерімі нашар болып, 2 жыл қатарынан бір курста оқыпты. Ал оған университет жатақхана бермеді деген ақпаратты білім ордасы теріске шығарды
"Ол студент ешқандай өтініш білдірген жоқ. Тек бірінші курста жатақханада тұрды. Екінші курстан бастап ол жеке пәтерде тұрған. Қазір біз елшілікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Университет көмек көрсетеді", - дейді Қазақ ұлттық медициналық университеті коммуникация басқармасының басшысы Марина Тян.
"Осы қылмысқа қатысы бар күдікті бір сағаттың ішінде ұсталды. Ол 31 жасар Түркістан облысының тумасы. Алматыға нан табуға келген азаматша екен. Ол өз кінәсін толық мойындады", - дейді Алматы қалалық полиция депатртаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қамауға алынған келіншектің жүріс-тұрысы қандай болғаны тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, кемі 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал болашақта дәрігер мамандығын алуы тиіс Кумар Хеманттың мәйіті туған елі - Үндістанға жөнелтіледі.