Алматыда ұрланған телефондардың алғашқы электронды тізілімі іске қосылды. Бұл күмәнді тауарды анықтауға көмектеседі, деп жазады inbusiness.kz.
"Егер телефон деректері онлайн-базада терілсе және ол ұрланған боса, барлық дерек автоматты түрде тізілімде сақталады. Енді кәсіпкерлер пайдаланылған гаджеттерді сатып алу кезінде тәуекелге бармайды", – деді Алматы ӨКП Алмалы аудандық филиалының директоры Темірлан Мәдиев.
Сатып алынған гаджеттің ұрланбағанын анықтау үшін urlangan.kz сайтында IMEI кодын енгізу керек. Егер телефон ұрланған болса, онда прокуратураға хабарласқан жөн.
"Аталмыш сайт ұрланған телефондар мен техниканы сатуды азайтады. Енді кез келген тұрғын бұл веб-сайт арқылы телефонның ұрланғанын, іздеуде жүргенін тексере алады. Бұл бизнес өкілдеріне де ыңғайлы. Тіпті телефонды әлеуметтік желі арқылы сатып алатын азаматтарымыз да тексере алады. Бұл сайт ресми түрде жұмыс істеп тұр", – деді қалалық прокуратураның ресми өкілі Нұрсұлтан Жиделбай.
Айта кету керек, бұл дерекқорда 100 мыңнан астам электронды жабдықтың сериялық нөмірі бар. Онлайн базаны қалалық прокуратура мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы дайындады.