Алматыда үш ер адам көлік жөндеу орталығының қызметкерін аяусыз соққыға жыққан

144

Зардап шеккен ер адам ауруханада жатыр.  

Алматыда үш ер адам көлік жөндеу орталығының қызметкерін аяусыз соққыға жыққан Фото: time.kz

Алматыда үш ер адам көлік жөндеу орталығының қызметкерін аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Время" газетіне сілтеме жасап.

Оқиға 10 ақпан күні болған. Көлік жөндеу орталығы қызметкерінің ұлының айтуынша, үш ер адам әкесінің жұмыс орнына барып, оны сыртқа сөйлесуге шақырған. Бір адам бірден жұдырығын ала жүгіріп,  беттен қатты ұрып жіберген. Соққы салдарынан жігіттің әкесі жерге құлап түскен.

"Мен үш тәулік бойы көз ілмедім. Әкемді есінен тандырып, оны аяусыз соққыға жыққаны бейнеленген видео көз алдымнан кетпейді. Оны ес-түссіз жатқанда да ұрған. Дәрігерлер бас сүйегінің сынуы, миға қан құйылу, гематома секілді диагноз қойды. Қазір әкем жансақтау бөлімінде жатыр", – деді зардап шеккен ер адамның ұлы. 

Оның сөзінше, отбасында кәмелетке толмаған екі бала, зейнеткер әжесі бар. Ал анасында денсаулығымен байланысты мәселелері бар.

"Әкем – үйдің жалғыз асыраушысы. Өз баспанамыз жоқ, жалдамалы пәтерде тұрамыз", – деді жігіт.

Алматы қаласының Полиция департаменті осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Тергеу іс-шаралары барысында күдікті анықталып ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінгі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің барысы Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу қорытындысы бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу