Алматыда үш жылдық 1 млн түп ағаш отырғызу акциясы басталады

2491

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тамыз айында Instagram парақшасында хабарлаған. 

Алматыда үш жылдық 1 млн түп ағаш отырғызу акциясы басталады

"Қазір қалада 2,2 млн ағаш бар, бірақ оның 550 мыңы құлау алдында тұр. Күзден бастап Jasyl Almaty бағдарламасын жүзеге асырып, 1 млн ағаш отырғызуымыз керек. Негізінен,  Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарында", – деп жазған еді.

Бағдарламаның қазан айында жүзеге аса бастайтыны белгілі болды. Ал 2 қыркүйекке дейін әкімдік қала тұрғындарынан ағаштарды қай жерге отырғызу керегін шешуді сұрап отыр.

"Біз алматылықтарға жаңа саябақ, аллея, жасыл желектерді қай жерге отырғызуды таңдауға мүмкіндік береміз. Яғни, тұрғындар өздері шешеді. Ол үшін жеке адамдар, заңды тұлғалар біздің басқармаға ұсыныс жібере алады", – дейді қалалық жасыл экономика басқармасының қоғамдық насихат қызметінің жетекшісі Әли Раимбаев.

Оның айтуынша, тұрғындар ұсынысты еркін формада жаза алады. Онда тек аты-жөні, байланыс мәліметтері, қандай үйдің маңына отырғызылуы керектігі және бос жердің суреті көрсетілуі керек.

Жасыл экономика басқармасының сараптауынан кейін ұсынылған жерге ағаш немесе жасыл желек отырғызуға мүмкіндігі бары анықталады. Мүмкін болған жағдайда алдағы қазан айынан бастап шырша, қарағай, жөке сынды ағаштар отырғызылады.

1 млн ағаш отырғызу акциясы бюджет, демеушілер мен жеке тұлғалардың көмегімен қаржыландырылады.

Қалалық әкімдік тұрғындардан ұсынысты 2 қыркүйектен бастап, үш жыл бойы қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу