Алматыда әскери ұшақты дөңгелексіз қондыра алған пилотты сот керісінше кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды КТК.
Оқыс оқиға 2016 жылдың қарашасында әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Кенеттен шассиі шықпай қалған Су-27 қара жерді сүзіп қонған. Ақауға қарамастан техниканы аман-есен қондырған 31 жастағы пилотты әріптестері мақтап, арқасынан қаққан болатын. Алайда әскери сот күтпеген шешім шығарды. Ұшқыш Радик Әшімов шассисіз қонғаны үшін кінәлі деп табылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда ұшқыштың туыстары мұнымен келіспейді. Айтуларынша, оқу-жаттығу әскери техниканы тексеру мақсатында өткен. Сондықтан істемей қалған шасси үшін пилоттың жауапқа тартылуы күлкілі жағдай. Керісінше, жолын тауып, сәтті қонған. Сол себепті де, ұшқышты түрмеде қылмыскерлердің қасында ұстау нағыз сорақылық.