Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарының кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Кездесу барысында Мәдениет ықшамауданының тұрғыны осыға қатысты сауал қойды. Момышұлы мен Бұрындай көшелерінің қиылысында орналасқан бірнеше үйдің тұрғындары атынан сөз сөйлеген ол "Алматы-3" вокзалының құрылысына байланысты баспаналары сүріле ме деп алаңдайтынын жеткізді.
"Негізгі құжат - Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары, ол осы жылдың соңына дейін қабылданады. Менің түсінігімше, сіз жерді заңды сатып алғансыз. Дегенмен, қала дамуы керек. Алайда тұрғындар газдандыру мүмкіндігі жоқ және технологиялық талаптарға сай келмейтін үйлер тұрғызды. Мен бас жоспардың аясында бұл мәселені заңға сәйкес барынша тиімді қайта қарауды тапсырдым. Жоба дайын болған соң, оны сізге көрсетіп, бірге талқылап, шешім қабылдаймыз. Бұл ретте қаланың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтемін. Сондықтан біз барлық мәселелерді нарықтық құны бойынша өтейміз", – деді Досаев.
Сонымен қатар әкім қала мен қала маңындағы көлік байланысын жақсарту үшін қосымша көлік хабтарына дейін 30 маршрут, "Алматы-2" стансасынан Қонаев қаласына дейін электр пойызы іске қосылатынын атап өтті.
"Сонымен қатар "Алматы-3" темір жол вокзалының құрылысын бастаймыз",- деді Ерболат Досаев. Бұған қоса ол 2025 жылға дейін Құлжа тасжолы мен Боралдай-Шамалған трассасын, 2030 жылға дейін Талғар трактісі мен жоғарғы Қаскелең жолы кеңейтілетінін айтты.
"Қала мен Алматы облысы арасында күнделікті қоғамдық көлікте жол жүру 2025 жылға қарай қазіргі 400 мыңнан 500 мыңға дейін және 2030 жылға қарай 600 мыңға дейін өседі деп болжанып отыр. Алматы агломерациясында қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі бірлескен жобалық кеңсе құрылады",- деді Алматы әкімі.