Алматыда ұстазын балағаттаған оқушы мектептен шығарылды

317

Назарбаев зияткерлік мектебінен қуылған оқушы мемлекеттік мектепке ауысады.  

Алматыда ұстазын балағаттаған оқушы мектептен шығарылды Фото: facebook/azhangozin

Емтиханға ұялы телефон алып кіріп, ескерту жасаған мұғалімді балағаттаған оқушы Назарбаев мектебіне қайта қабылданбайды. Бұл жайлы "Назарбаев интеллектуалдық мектептері" ААҚ басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жанғозин болған жағдайға қатысты оқушының өзі, ата-анасы және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізгенін айтты. Оған Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл де қатысқан.

"Кездесу барысында бұған дейін қабылданған шешім қайта қаралып, тараптар өзара түсіністікке келді. Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ", – деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.

Жазбасында мұғалімдерге құрметпен қарау – мектеп үшін өзгермейтін және қатаң сақталатын талап болып қала беретінін атап өтті. Осы іске белсенді кіріскен барлық тараптарға алғысын айтты.

Айта кетейік, Алматыда оқу жылы аяқталар тұста 11-сынып оқушысы Сұңқар Майқан сабақтан шеттетілген.

Мектеп басшылығының сөзінше, шәкірт емтихан ережесін өрескел бұзып қана қоймай, ұстазды балағаттаған. Мектеп ішіндегі емтиханды тапсыру кезінде шалбарының артқы қалтасында ұялы телефоны болған. Емтиханнан шыққанда мұғалім көріп қойған. Сонда оқушы ашуланып, балағат сөздер айтқан.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтың қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайды. Бұл оқиғада оқушы өз қателігін түсініп, өкініш білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу