Медаль үшін күреске әлемнің 33 елінен 150-ден астам спортшы қатысады. Қазақстан жыл сайын жүлде қоры 75 мың долларды құрайтын Сontender сериясының әлемдік деңгейдегі рейтингтік турнирін қабылдайды, деп хабарлайды inbusiness.kz Қазақстан Үстел теннисі федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнир Нұркент 14Б мекенжайында, "ADD Ustel Tennis Ortalygy" орталығында 6 күнге созылады. Жарысқа кіру тегін, таңғы 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін кіруге мүмкіндік бар.
Қазақстан атынан аталмыш турнирде 11 ер адам мен 11 әйел өнер көрсетеді. Олардың қатарында құрама көшбасшысы, Рио-2016, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы және халықаралық турнирлердің жеңімпазы Кирилл Герасименко, жастар арасында аралас жұптық разрядта әлем чемпионы, халықаралық старттардың бірнеше дүркін жеңімпазы Алан Құрманғалиев, Токио-2020 Олимпиада ойындарының қатысушысы Анастасия Лаврова, халықаралық жарыстардың шебері халықаралық дәрежедегі спорт және қазіргі ел чемпионы Зәуреш Ақашева бар.
Сондай-ақ Алматыда үстел теннистің атақты жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері Дмитрий Овчаров (Германия), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Трулс Морегард (Швеция), Еуропа ойындарының қола жүлдегері Алексис Лебрун (Франция), Африканың бірнеше дүркін чемпионы Квадри Аруна (Нигерия), әлем чемпионатының қола жүлдегері Лиам Питчфорд (Англия) және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары Бернадетт Сеч пен Элизабет Самара (Румыния) бар.
Турнирді Qazsport телеарнасы мен World Table tennis YouTube-арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Турнирдің бас серіктестері "Самұрық-Қазына" АҚ және "туризм және спорт индустриясын қолдау қоры". Қазақстанның үстел теннисі федерациясы турнирді ұйымдастыруда ADD Capital, Sheber Group компанияларына және QAZSPORT және Atameken Business ақпараттық серіктестеріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіреді.