Алматыда велосипедші сауда орталықтарының бірінің маңында зейнеткер әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға 1 маусымда Алматыдағы сауда орталықтарының бірінің жанында болған. Куәгерлердің айтуынша, соқтығысудан кейін әйелге алғашқы көмекті жанындағы адамдар көрсеткен. Ал велосипедші оқиға орнынан дереу ізін суытқан.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта оқиға орнынан қашып кеткен адамның жеке басын анықтау және оны ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", – деп мәлімдеді Алматы полиция департаменті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, құқық бұзушының әрекетіне Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі.