Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматыда АИТВ індетін жұқтыру жағдайларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Комиссия келесі аптада жұмысын аяқтайды, олар әлі жұмыс істеп жатыр. Жұмыс соңында барлығын білеміз. Алдын ала нәтижелер, білесіздер, өте маңызды мәселе. Сондықтан комиссия жұмысы аяқталған соң, толық анықтама дайындап, әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми түрде береді", - деді министр.
Сондай-ақ тілшілер Ажар Ғинияттан "сіз вирус жұқтырғандармен кездестіңіз бе?", - деп сұрады.
"Жоқ.Тергеу жүріп жатқанда болмайды, бізде дәрігерлік құпия туралы заң бар. Мұндай науқастармен кездесу құқығы жоқ. Заң мұндай науқастарды қорғайды, сондықтан қазір барлығы өтіп жатқан комиссия аясында жасалып жатыр", - деп түсіндірді министр.
Еске сала кетсек, маусымда БАҚ беттерінде Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында бірнеше адамның АИТВ жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Аталған мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, былтыр 4 мың адам АИТВ жұқтырған. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,5 мың адамды құраған.
Алматыдағы жағдай бойынша комиссия құрылды.