Алматыда ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Орталық Азия аймақтық гляциология орталығы ашылады, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Гляциология орталығын құруға үміткер оннан аса мемлекеттің ішінен ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен орталықты ашу базасы ретінде География институты таңдалды.
"Әлемдегі жалғыз гляциологиялық орталықта 50 ғылыми қызметкер мұздықтардың қасиеттері мен дамуын, мұз қалқандарын және қар жамылғысын зерттеумен айналысады", – деп жазылған хабарламада.
ЮНЕСКО-ның Қазақстанды таңдауы – Қазақстан ғылымының гляциология саласындағы жетістіктерін мойындағанының белгісі. Ғалымдарымыз 60 жылдан бері осы салада зерттеу жұмысын жүргізіп келеді.
География институтынан орталықта жұмыс істеу үшін алдын-ала 43 маман іріктеп алынды, оның 52,4%-ы ғылыми зерттеу әдістерін меңгерген жас мамандар, 51%-ы ғылыми дәрежеге ие. Орталық құру барысында қызметтік орынжайлар, жабдықтар, бағдарламалық қамсыздандыру мен техникалық құралдар География институтынан бөлінеді.
Орталық қызметі климаттың өзгеруінің мұз, қар және су ресурстарына әсерін зерттеу бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің ғалымдарының күшін біріктіруге және үйлестіруге, сонымен қатар гляциологиялық серпінді сел ағынын зертетуге бағытталған.