Бұл туралы Facebook желісіндегі тікелей эфир барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді.
"Қалада мақсатты рейдтер мен арнайы жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш күнде Патрульдік полиция полкінің және мамандандырылған батальонның қызметкерлері жол ережесін бұзғаны 115 мотоцикл жүргізушісін ұстады және әкімшілік жауапкершілікке тартты. 19 екі дөңгелекті көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды", – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар Қанат Таймерденов көліктердегі дыбыс шығаратын құрылғылардың шу деңгейін анықтау бойынша арнайы жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Жылдам әрі қатты дауыспен жүру азаматтардың тыныштығын бұзады. Соған байланысты қала тұрғындары шағымданады. Бұл іс-шаралар барлық жерде және тұрақты негізде өткізіледі деп сендіре аламын. Түнде қала көшелерінде заңсыз жарыс ұйымдастыратындар жиналатын орындарда патрульдеу күшейтіліп, бейнебақылау камералары орнатылды", – деді департамент басшысы.
Құралай Құдайберген