Алматы қаласында көші-қон заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған "Келімсек-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
5 күнге созылған іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, мегаполис аумағында болу қағидаларын бұзған 830 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар шақырған азаматтарының Қазақстан аумағында заңды түрде болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамаған 273 қабылдаушы тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін бұзған 73 жұмыс беруші анықталды. Іс-шара барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы анықталып, ұсталды. Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге ерекше назар аударылды.
Аталған фактілер бойынша шетел азаматтарының заңсыз келуі мен болуын ұйымдастыру деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ бұған дейін сот шешімімен ел аумағынан шығарылған 57 шетел азаматын өз мемлекеттеріне мәжбүрлі түрде қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Алматы қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, әрбір дерек жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатердің белгісі. Сондықтан біз заңсыз көші-қон схемаларының жолын түбегейлі кесіп, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту қағидатын ұстанамыз.