Алматыда пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген жерлерде пайдаланғандарға айыппұл салынады. Құқық бұзушылардан отшашу мен петардалар тәркіленуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзып, тыйым салынған жерде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғандарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі.
Айта кетейік, бұл айыппұл ауаны ластағаны үшін емес, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тәртібін бұзғаны үшін салынады.
Сонымен қатар отшашулар қоршаған ортаға да кері әсер етеді. Жарылыс кезінде атмосфераға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз күндері олар ауада ұзақ уақыт сақталады.
2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларындағы төмен шығарындылар аймағында (LEZ) азаматтық пиротехниканы пайдалануға тыйым салу туралы норма күшіне енеді.
Бұл бүкіл қала аумағында отшашуға автоматты түрде тыйым салынады дегенді білдірмейді. Шектеу әкімдіктің жеке қаулысымен төмен шығарындылар аймағының шекарасы бекітілгеннен кейін ғана сол аумақ шегінде қолданылады.
"Eco Almaty" ЖШС қала тұрғындарын отшашу мен петарда атудан бас тартуға, айналасындағылардың тыныштығын құрметтеуге, Алматы ауасының ластануына жол бермеуге және қоршаған ортаны қорғауға шақырды.