Алматыда көлік реформасын және қоғамдық көлік жүйесін тұрақтандыру аясында жылжымалы құрамды жаңалау және бағыттар желісін ұлғайту жұмыстары жүруде. Осыған орай, бүгін сыйымдылығы шағын автобустар қатынайтын жаңадан екі бағыт ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, Жетісу ауданы тұрғындарының өтінімі бойынша № 46 бағыты ашылды. Бұл бағыт бойынша жылжымалы құрамның 10 бірлігі қызмет көрсетеді, араға 10 минут салып жүреді, тәулігіне 3000 адам қатынайды деп күтілуде.
Алатау ауданындағы Рахат және Мәдениет елді мекені тұрғындарын көлікпен қамту үшін бұрын бір ғана автобус қатынайтын №122 бағытына трассификация бойынша өзгеріс енгізілді. Бүгіннен бастап бұл бағыт бойынша бес автобус араға 20 минут салып жүреді.
Жалпы, көлікті реформалау аясында Алматыда өткен жылы сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус алынған болатын, олардың 210– ы бағыттар бойынша жолда жүр, 180 жаңа автобус ақпан айының соңына дейін кезеңмен бағыттарға шығады.Жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алды,олардың 91 – і қала жолдарында қызмет көрсетуде.