ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптан Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалының құрылысын және елімізде өзге де инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Үкімет еліміздің көлік-логистика әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлетіні аталып өтті. Сондықтан Алматыда жаңа халықаралық терминал құрылысы сынды үлкен жобаны жүзеге асыру стратегиялық маңызға ие.
"Оның ашылуы жолаушылар ағынын арттырып, ұшу географиясын кеңейтеді және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді деп күтеміз", — деп түсіндірді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Айта кету керек, TAV Airports Holding басшысы жобаны іске асыру барысы жөнінде жаңа ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстары 87%-ға аяқталған. Жаңа терминал биылғы маусымда ашылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы былтыр Алматы әуежайы жолаушылар ағынының рекордтық деңгейін тіркеді. Қолданыстағы терминал тек ішкі рейстерге ғана пайдаланылады. Бұл ретте екі терминалдың әлеуеті жылына 14 млн жолаушыға жетеді. Әуе айлағы арқылы жүк тасымалы көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Премьер-Министр Алматы әуежайы теміржол және автомобиль тасымалын қоса алғанда, толыққанды мультимодальды көлік-логистика хабы ретінде дамуы керек екенін атап өтті. Инвестор алдағы жоспарларында мұны ескеруі тиіс.