ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне орай Алматы қаласының Индустриалды аймағында жаңа үш өнеркәсіп орны ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жаңа ашылған автоклавты газбетон өндіру зауыттары әлеуметтік және коммерциялық ірі құрылыс компанияларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Өнімдерді шығаруда мемлекеттік стандарттарға сәйкес жергілікті шикізат қолданылады.
"СК Рахат" ЖШС өндірістің 1 кезеңі құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 180 мың текше метр өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал "Г.С.Г. Высотник" ЖШС-ға салынған инвестиция сомасы 1,7 млрд теңгеден асты. Өндіріс қуаттылығы жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығаруға жетеді. Нәтижесінде 85 жаңа жұмыс орны ашылады.
Астана күніне орай "ADS industries"ЖШС өндіріс паркінің бірінші кезеңі іске қосылды. ЖШС "Almaty Business-2025" өңірлік бағдарламасына қатысушысы болып табылады.
Компанияның өндірістік паркі құрылысына шамамен 150 млн теңге инвестиция салынды. Бірінші кезеңде онда жеңіл, метал өңдеу және жиһаз өнеркәсібін өндіруші шағын және орта кәсіпкерліктің алты субъектісі ашылады. Өндірістік парктің жалпы алаңы 4, 5 мың шаршы метрді құрайды, онда 160 жаңа жұмыс орны ашылады.
Еске салсақ, осы жылдың бірінші тоқсанында Индустриалды аймақта қуаты жылына 25 000 тоннадан астам өнім шығаратын әрі 80 адамды жұмыспен қамтыған мыс және алюминий сымын шығаратын зауыт ашылған болатын. Жоба құны – 11,3 млрд теңге.
Осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының Индустриалды аймағында тағы 7 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Оның жалпы сомасы 37,8 млрд теңгені құрайды және 658 адамды жұмыспен қамтиды.
Айта кетерлігі, Индустриалды аймаққа 54 компания кіреді, олар 6,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.
Құралай Құбайберген