Алматыда жаңа оқу жылы басталды. Білім күні қала әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынған 2 мың орындық №230 мектептің ашылуына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл Алматыда 10 500 орынға арналған 7 жаңа мектеп және "Зерделі" шағынауданында 550 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаңғыртудан кейін №160 мектеп қайта ашылып, №15 мектеп-интернаттың құрылысы аяқталды. №112 және №174 мектептердің қосымша корпустары да іске қосылды.
Осылайша, қаланың білім беру инфрақұрылымы 12 065 жаңа орынмен толықты. Бұдан бөлек, 11 496 оқушы мектеп автобустарымен қамтылған.
Жаңа оқу жылында Алматыда 32 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектепке алғаш рет барды.
Қала әкімі оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мұғалімдерге еңбегі үшін алғыс айтты. Оқушыларға білімге ұмтылып, жан-жақты дамуға және өз идеяларын батыл жүзеге асыруға тілектестік білдірді.