Ішкі істер министрлігі әлеуметтік осал топтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да қамтыған қылмыстық схемаларды анықтап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осылайша, "STOP-трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында адам саудасымен байланысты бірқатар ауыр қылмыстың жолы кесілген. Барлығы 39 факт тіркелген, оның 6-ауы кәмелетке толмағандарға қатысты.
– Ұйымдастырушылар қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдерді материалдық сыйақы үшін сәбиін бөгде адамдарға беруге итермелеген. Барлық қатысушы ұсталды. 20-дан астам қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілерге мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп жазылған тараған хабарламада.
Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тартып, қанау фактісі анықталған. 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жіберіліп жатыр. Ал түнгі ойын-сауық орындарын жүйелі тексеру барысында Шымкентте, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды қанаудың әртүрлі фактісінің жолы кесілді.
Астанада полиция мен прокуратура бірлесіп, теміржол вокзалы маңында рейдтер жүргізді.
Азаматтарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау бойынша 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
– Ақмола облысында діни топтың әрекеті тоқтатылды. Аталмыш топ еркін жыныстық қатынастарды және отбасылық құндылықтардан бас тартуды насихаттайтын "рухани орталық" ұйымдастырған. Тінту барысында діни әдебиеттер, атрибуттар мен ритуалдық заттар табылды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында "элиталық эскорт" ұйымдастырушыларының қызметі тоқтатылды. Олар түнгі клубтар мен барларға жас қыздарды тартып, "жеңгетайлықпен" айналысқан. Қылмыстық істер сотқа жіберілді, – делінген Ішкі істер министрлігінің ақпаратында.