Қыркүйек 12-і күні Алматыда жалпы ауданы 39 000,00 шаршы метрлік жаңа жеңіл атлетикалық стадионның ресми ашылуы өтеді, деп хабарлайды prosports.kz.
Нысанда спортшылар жеңіл атлетиканың 47 дисциплинасымен айналысуға мүмкіндік алады. Стадион 100, 400 метрлік жүгіру жолдарымен қатар, көлемі 100х70 жасанды футбол алаңы, биіктікке және ұзындыққа секіру алаңдарымен, сонымен қатар, көлемі 100х62 м табиғи шөппен жабылған ядро, диск, найза, шарбалға лақтыруға арналған аймақпен жасақталған.
Спорттық нысандар "солтүстік-оңтүстік" бағытында орналасқан. Қызмет көрсетуге ыңғайлы болу үшін және өрт қауіпсіздігі мақсатында стадионға төрт автомобильдік кіру қарастырылған, сондай-ақ, батыс және солтүстік жақтан жаяу жүргіншіге арналған есіктер бар. Шығыс жақта 300 адамға арналған заманауи трибуналар орнатылған.
Жаттығуға арналған жеңіл атлетикалық кешен "Алматы Арена" спорт сарайының артында орналасқан және де спортпен шұғылдану үшін барлығымен толықтай қамтамасыз етілген. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілі аясында бой көтерген нысанның бас мердігері ЖШС "Алонс" және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салынды.