Жедел іздестіру барысында үш күдікті қолға түсті. Екеуі топ болып әрекет еткен, тағы бірі қылмысты жалғыз жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күдіктілер жаңа жыл алдындағы қарбаласта азаматтардың бейқамдығын пайдаланып, сауда үйлері, азық-түлік дүкендері және қоғамдық көліктерде өзгенің қалтасына қол сұққан.
Алдын ала деректерге сәйкес, топ мүшелері кемінде 12 қалта ұрлығы эпизодына, ал үшінші күдіктінің кемінде 7 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, әрі қосымша қылмыстық істерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров қала тұрғындары мен қонақтарын сақ болуға үндеді.
– Азаматтар жеке заттарына мұқият қарауы керек. Телефон мен әмиянды сыртқы қалтада қалдырмаңыз, сөмкені алдыңызда ұстап, қоғамдық көлікте және адам көп жиналатын жерлерде сақ болыңыз, – деді ол.