Алматыда жарамсыз болып қалған 3 трамвай бәссаудаға қойылады

838

 Алматыда жарамсыз болып қалған 3 трамвай бәссаудаға қойылады

Алматыда жол апатын жасап, жарамсыз болып қалған 3 трамвай бәссаудаға қойылады. Олардың құны 1 миллионнан аса теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ қолданыстан шыққан трамвай сымдары да сатылымға шығарылмақ. Ұзындығы 60 шақырымнан асатын тоқтың бастапқы бағасы - 47 миллион теңге, деп хабарлайды almaty.tv.

Аукцион келер айдың басында өткізіледі. Бұған қоса, биыл аталмыш қоғамдық көліктің 16 шақырымға жуық рельсі саудаланады. Қазір, қала көшелерінде шойын жолды алу жұмыстары басталып кетті. 

Алматы көшелерінде трамвай тоқтағалы 2 жарым жылға жуықтаса да, қоғамдық көліктің керек-жарағын сату әлі де жалғасып жатыр. Биыл аукцион арқылы трамвайдың 60 шақырым желісі сатылымға шығарылады. 23 тоннадан асатын мыс сымның бастапқы құны 47 миллион теңгеге бағаланып отыр. "Алматыэлектротранс" мекемесі бұған дейін бәссауда арқылы 13 трамвайды Өскемен қаласына сатып, одан 118 миллион теңге пайда көрген еді. Енді жақын күндері кезінде жол апатын жасап, елдің есін шығарған 3 вагонды да саудаламақ.

"Біз алдағы күндері тағы да аукцион өткізіп, қолданысқа жарамсыз болған 3 вагонды сатылымға шығарамыз. Қазір олардың құжаттары жөнделіп жатыр. Үш вагонның құнын 1 миллион 751 мың теңгеге бағалап отырмыз", - деді "Алматыэлектротранс" ЖШС бөлім басшысы Михаил Чайка.

Бұған қоса биыл күзде травмай рельстерін де сату жалғасын таппақ. Былтыр қаладағы 16 шақырым рельстің тоннасы 33 мың теңгеден бағаланып, 123 миллион теңгеге өткен еді. Ал осы жылы Алматыдағы Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі 15 шақырымнан астам шойын жол түгелдей аршылады. Олар күзде аукционға шығарылады.

"Рельстер түгел шығарылған соң бағалау жүргізіледі. Темірлердің жарамдылығы мен сапасына техникалық сараптама жасалынады. Кейін аукционда сатылады. Кім жоғарғы баға ұсынса, сол барлығын сатып ала алады. Аукционға кез келген заңды және жеке тұлғалардың қатысуына болады. Әзірге, биыл рельстерді қанша теңгеден сататынымыз белгісіз. Барлығы бағалау нәтижесіне байланысты", - деді "Алматыэлектротранс" ЖШС бөлім басшысы Михаил Чайка.

Алматыда жалпы ұзындығы 64 шақырым трамвай рельсі болса, оларды түгелдей аршу жұмыстары 2019 жылы аяқталады. Қазір Мақатаев көшесінің Байтұрсыновтан Сейфуллин көшесіне дейінгі аралығындағы темірлер алынып жатыр. Аталмыш аумақта көлік қозғалысына шектеу қойылды. Шойын жолды шығару және көшелерге орташа жөндеу жасау жаздың аяғына дейін жалғасатын көрінеді.

"Мақатаевты жапқан кезде біз Байтұрсыновтан Сейфуллинаға дейін жабық қой қазір. Оның барлығын біздің әкімшілік полиция басқармасымен келісімге келдік. Шамамен 10 күннің ішінде соны бітіріп, жолдың бірінші қабатын саламыз да қозғалысты жіберіп, ендігі бөлікке көшеміз. Сейфуллин даңғылынан  Наурызбайға дейін, кейін оны бітіргеннен Наурызбайдан Желтоқсанға дейін. Сөйтіп,көшелерді жабамыз. Бұларда басталды, жүріп жатыр. Ал бір апта 10 күннен кейін 2 көшеде басталады", - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрзат Ордабаев.

Рельстер алынған көшелер тақтайдай тегістеледі. Маңайдағы бордюрлар ауыстырылап, тротуарлар да жаңартылады.

Сондай-ақ осы жылы 10 шақырымға жуық веложол төселмек. Велосипед жолағы Орбита ықшамауданы мен Көкбазар аумағын жалғайтын болады. Оның жалпы ұзындығы 68 шақырымды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу