Алматыда жарық өшкенде метро, су және медицина қалай жұмыс істеді

368

Қазіргі уақытта барлық қала қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, шаһардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Алматыда жарық өшкенде метро, су және медицина қалай жұмыс істеді Фото: canva

2026 жылы 14 тамызда энергетикалық жүйедегі қуат балансының апаттық бұзылуына байланысты қалада сыртқы электрмен жабдықтау уақытша тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Метрополитен

Электрмен жабдықтаудың үзілуіне байланысты метрополитен жұмысы уақытша тоқтатылды. Электрмен жабдықтау қалпына келтіріліп, түйіспелі рельске кернеу берілгенге дейін метро бекеттеріне кіріп-шығу уақытша жабылады. Метрополитен жұмысының қайта жандануы туралы қосымша хабарланады.

Медициналық ұйымдар

Стационарлар мен басқа да медициналық ұйымдар үздіксіз жұмыс істеу жоспарына сәйкес жұмысын жалғастыруда. Медициналық мекемелер резервтік электрмен жабдықтау көздерімен — дизель генераторларымен және үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етілген.

Бірінші кезекте резервтік электр қуаты жансақтау бөлімдеріне, ота жасайтын бөлмелерге, қабылдау бөлімдеріне, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне және басқа да аса маңызды жабдықтарға беріледі. Жедел медициналық көмек белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Сумен жабдықтау

Электр қуатының өшуіне байланысты кей аудандарда, оның ішінде ғимараттардың жоғарғы қабаттарында, су қысымының уақытша төмендеуі және сумен жабдықтауда іркілістер болуы мүмкін. Бұл электр қуатымен жұмыс істейтін сорғы станциялары жабдықтарының уақытша тоқтауына байланысты.

Электр қуаты қалпына келтірілгеннен кейін сорғы станциялары іске қосылады, содан соң сумен жабдықтау біртіндеп қалпына келеді.

Бағдаршамдар

Электр желілерінен қуат алатын кейбір бағдаршам нысандарының жұмысы тоқтады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жол полициясының қызметкерлері бағдаршамдар уақытша жұмыс істемей тұрған учаскелерде жол қозғалысын ұйымдастыру және реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр.

"Қала қызметтерімен бірлесіп жағдайды бақылауды жалғастырып, қаланың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Электрмен жабдықтаудың қалпына келтірілуі және жағдайдағы кейінгі өзгерістер туралы қосымша хабарланады. Тұрғындарды сабыр сақтауға және ақпаратқа тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу