Тұрғындардың жарық мәселесіне қатысты шағымдары былтырғымен салыстырғанда 2,5 есе азайып, биыл небәрі 8 445 өтініш түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
– Жыл соңына дейін қала көшелерінің жарықтандыру деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сәкен Сейфуллин даңғылы бұрынғыдан екі есе жарық болды. Сәтбаев көшесінен "Алматы-1" вокзалына дейінгі аралықтағы бағандарға екі шамнан бекітілген жаңа консольдар қойылды. Ұқсас жобалар Абай және Достық даңғылдарында, Наурызбай батыр, Сәтбаев, Брусиловский, Өтеген батыр көшелерінде де жүзеге асырылып жатыр.
Тимирязев көшесінде ескі шамдар жаңа LED-шамдарға ауыстырылып жатыр, ал бұрын жарық болмаған тротуарларға торшер бағандары орнатылды. Республика сарайы алдындағы Абай алаңында да шамамен 1 шақырым кабель мен 50 шам жаңартылып жатыр. Шығыс айналма жолындағы шамдар қуаты күштірек үлгіге ауыстырылып, жарықтандыру деңгейі 20-дан 70 люксқа көтерілді. Ұқсас жұмыс Рысқұлов даңғылында да жүргізіліп жатыр.
– Сондай-ақ 28 гвардияшылар-панфиловшылар саябағында 250 шамдық лампалардың орнына қуаты жоғары және жарығы мол LED‑жарықдиодты шамдарды қояды", – деді "Алматы Қала Жарық" МКК сыртқы жарықтандыру қызметінің басшысы Нұрасыл Берік.
Жалпы алғанда, қала әкімдігі мен "Алматы Қала Жарық" мекемесінің күшімен бұрын қараңғы болып келген көшелер мен тармақтарға 400 баған, 500-ден астам консоль және мыңға жуық жаңа шам орнатылды.