Алматыда жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың үздіктері анықталды

195

​Алматы қаласында FAIO 2026 (Fizmat AI Olympiad) халықаралық жасанды интеллект және машиналық оқыту олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматыда жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың үздіктері анықталды Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жарыс нәтижесінде үздік атанған командаларға марапаттар табысталды. Байқауды "Республикалық физика-математика мектебі" КеАҚ SDU University базасында ұйымдастырды.

Биыл олимпиаданың іріктеу кезеңіне әлемнің 28 еліндегі 125-тен астам қаладан 1 500-ге жуық оқушы қатысты. Оның ішінде 49 команда финалға өтіп, 47 команда шешуші кезеңде бақ сынады. Финалдық сайысқа 15 мемлекеттен 118 оқушы жиналды.

Халықаралық додада Қазақстан, Армения, Беларусь, Испания, Италия, Кипр, Қырғызстан, Марокко, Моңғолия, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан және Филиппин өкілдері өнер көрсетті.

Қатысушылар командалық форматта бағдарламалау, математика, деректерді талдау және машиналық оқыту бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Финал екі кезеңнен тұрды.

Жарыс қорытындысы бойынша Гран-при Ресей құрамасына берілді. Бірінші орынды Ресейдің үш командасы иеленді. Екінші орын Қазақстан, Ресей, Таиланд және Кипр командалары арасындағы сегіз ұжымға бұйырды. Ал үшінші орынға Қазақстан, Румыния, Ресей, Испания және Моңғолияның 12 командасы жайғасты.

Олимпиаданың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңгені құрады.

Айта кетейік, FAIO биыл үшінші рет өткізілді. Алғаш рет 2024 жылы ұйымдастырылған жарысқа тек қазақстандық оқушылар қатысқан еді. Қазір олимпиада халықаралық деңгейге шығып, түрлі елдердің жас дарындарын бір алаңға жинап отыр.

Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың жасанды интеллект пен машиналық оқыту бағытындағы білімін дамыту, тәжірибе алмасуына жағдай жасау және олардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыру.

Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға бірқатар технологиялық, қаржылық және білім беру ұйымдары қолдау көрсетті. Олардың қатарында activ 5G, Freedom Holding Corp., ANSA Qory, Halyk, Mastercard, investbanq, MA7 Ventures, Silkroad Innovation Hub және Marine Health бар.

Мұндай халықаралық зияткерлік жарыстар Қазақстанның білім беру саласындағы әлеуетін танытып, дарынды жастарды қолдауға және жасанды интеллект бағытындағы халықаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу