Алматыда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді

2316

Турнирге қазақстандық құраманың көшбасшылары Алан Құрманғалиев пен Сарвиноз Миркадирова қатысады.  

Алматыда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді Фото: ҚР Үстел теннисі федерациясы

25-28 шілде аралығында Алматыда өтетін үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы "WTT Youth Contender Almaty" халықаралық турнирі  жас шамасына қарай бес санатта алғаш рет өткізілмек.

Халықаралық турнирге әлемнің 13 елінен, атап айтқанда Қытайдың Тайбэйі, Гонконг, АҚШ, БАӘ, Италия, Бельгия, Оман, Иран, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 159 спортшы қатысады.

"Дәстүр бойынша, елімізде жыл сайын күзде ересектер арасында үстел теннисінен WTT Contender сериясының турнирі өткізіледі. Биыл Қазақстан жасөспірімдер арасындағы  WTT Youth contender Almaty турнирін алғаш рет өткізбек.

Бұл жарыстың ұйымдастырылуы барлық деңгейдегі үстел теннисін дамытуға деген ұмтылысымыздың тағы бір дәлелі. WTT Youth Contender Almaty талантты жастарымыздың  дүбірлі додаға қатысып, басқа елдің спортшыларымен кездесуіне, халықаралық аренада өз қабілеттерін көрсетуге, сондай-ақ әлемдік рейтингте ұпай жинауына жол ашатын мүмкіндік. Жарыста 11-19 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар бақ сынаспақ.

Халықаралық деңгейде елімізде өтетін турнирге жастарымыздың  қатысуы

болашақ чемпиондарымызды ынталандыратына кәміл сенімдімін.  Мұндай жарысты жыл сайын тұрақты түрде өткізуді  алда жоспарлап отырмыз.

Жанкүйерлер мен спорт сүйер қауымды осындай маңызды турнирді тамашалауға шақырамыз.  Бірлесіп жас спортшыларымызды  қолдап, оларды жеңіске жетелеп, ерекше есте қалар сәттің куәгері болайық. 

 WTT Youth contender Almaty  турниріне қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін, жеңістің биік тұғырынан көрінсін!", - деді ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулгазин.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) және әлемдік үстел теннисінің (WTT) қолдауымен өтетін турнирде жас спортшылар келесі санатта бақ сынаспақ:

  • 11 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында жеке разряд;
  • 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы жеке разряд;
  • 15 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы жеке разряд;
  • 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы жеке разряд;
  • 19 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы  жеке разряд;
  • 15 жасқа дейінгі аралас жұптық разряд;
  • 19 жасқа дейінгі аралас жұптық разряд.

Халықаралық турнир Алматыдағы ADD Ustel Tennis Ortalygy үстел теннисі орталығында өтеді. Жарысты тамашалау тегін.

Турнир Qazsport республикалық телеарнасының эфирінде және WTT ресми сайтында көрсетіледі.

Турнирдің бас серіктестері  - Samruk-Kazyna АҚ, Sport Qory туризм және спорт индустриясын қолдау қоры және Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

ҚР Үстел теннисі федерациясы турнирді ұйымдастыруға қолдау танытқан Алматы қаласы әкімдігіне, сондай-ақ   ісшараның серіктестері  ADD Capital, Kazakhmys, Halyk Bank компанияларына  және турнирдің  ақпараттық серіктесі Qazsport  телеарнасына алғысын айтып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу