Алматыда екі бала тұрғын үй кешенінің шатырына заңсыз кіріп, ескі чемоданды өртеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде видео тарады. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, оқиға Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Мұндай оқиға бірінші рет болып тұрмағаны айтылды. Жасөспірімдер үйдің шатырына заңсыз кіріп, ескі чемоданды өртеген. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Алматы қаласы полициясының хабарлауынша, бұл дерек бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Екі баланың жеке тұлғалары анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Бұдан бөлек жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілетіні айтылды.