Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" дерегінше, 4 қараша күні сағат 03:00-тен 20:00-ге дейін қалада 5-6 мм көлемінде жаңбыр жауып, ауа температурасы +5…+7 °С шамасында болады. 5 қарашада жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіліп, ауа райының салқындауына байланысты көктайғақ болуы мүмкін.
Қаланың тазалығын қамтамасыз ету үшін 580 арнайы техника мен 2500-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Аула аумақтарын тазалауға 307 техника және 1500 жұмысшы, саябақтар мен скверлерге 550 техника және 1900 қызметкер тартылған. Сондай-ақ, 75 патрульдік бригада көше жағдайын тәулік бойы бақылайды.
Қалалық Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Оның құрамында 1 ассенизатор көлігі, 15 мотопомпа және 50 құтқарушы бар. Ал жол бойындағы көліктерді көшіру үшін 63 эвакуатор мен манипулятор жұмылдырылған.
Полиция мен әкімдік тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.
"Жүргізушілерге қозғалыс жылдамдығын төмендетіп, арақашықтықты сақтау және қысқы дөңгелектерді дер кезінде ауыстыру қажет. Ал жаяу жүргіншілерге тайғанақ жолда абай болу ұсынылады", – делінген хабарламада.