Алматы полициясы жоғалып кеткен 3 жасар баланы тауып, ата-анасына қайтарды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"6 тамыз кешкі сағат 19:00 шамасында полицияға 3 жастағы баланың жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Әйел адам киім дүкенінде жұмыс істейді. Сол күні оның үш жасар баласы жанында болған. Оның айтуынша, бала дүкеннің жанында ойнап жүрген. Ол келушілерге қызмет көрсетіп жатқанда бала жоғалып кеткен. Іздестіру жұмыстарын Медеу ауданы полиция бөлімінің жеке құрамымен қатар ұл бала жоғалып кеткен жерге шекаралас жатқан учаскедегі тәртіп сақшылары да атсалысты. Нәтижесінде ол Арбат бойындағы субұрқақтың жанынан табылды. Бала ойынға беріліп кетіп, анасынан қалай адасып кеткенін байқамай қалған. Оның жағдайы жақсы. Ювеналды полиция қызметкерлері баланы ата-анасына тапсырды", – деді Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетников.
Тәртіп сақшылары азаматтардан кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырмау керек екенін ескертеді.
Құралай Құдайберген