Бұған дейін алматылық еріктілер әлеуметтік желіде Рамазан Қалдаров есімді жасөспірімге іздеу салынғанын хабарлаған еді. Ол 13 наурыз күні шамамен кешкі сағат 18:00-де үйінен шығып, қайта оралмаған. Үстінде қара күртке, аяғында қара шалбар мен қара кроссовка болғаны жазылған.
Алматы қалалық полиция департаменті Рамазан Қалдаровты 500-ден астам адам іздегенін хабарлады. Жедел-іздестіру іс-шараларына жедел уәкілдер, ювеналды полиция инспекторлары, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ еріктілер мен мұғалімдер қатысқан.
"Ең алдымен сауда және ойын-сауық орталықтары мен жеткіншектің жақын ортасы тексерілді. Сонымен қатар Алматы маңындағы базарлардың бірінде жас жігіттің қаңғып жүргені туралы ақпарат тексерілді. Іздестіру шараларының нәтижесінде жасөспірім аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда", - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.