Алматыда "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ-ның базасында Қазақ автомобиль-жол институтының "Көлік құрылысы және урбанистика" кафедрасы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба ҚазжолҒЗИ мен ҚазАЖИ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Оның мақсаты – жол саласына қажетті білікті инженерлік кадрларды даярлау және практикаға бағытталған білім беруді дамыту.
Жаңа кафедра студенттерге теориялық біліммен қатар ғылыми-өндірістік ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Олар заманауи зертханалық жабдықтармен жұмыс істеп, жол-құрылыс материалдарын сынау әдістерін меңгереді, сондай-ақ нақты инфрақұрылымдық жобаларға қатыса алады.
"Бүгінгі таңда салаға оқу процесінде-ақ практикалық тәжірибе жинақтап, нақты өндірістік процестерді түсінетін мамандар қажет. ҚазжолҒЗИ базасында кафедраның ашылуы жол саласының заманауи сын-қатерлеріне және жұмысқа орналасқан алғашқы күннен бастап практикалық қызметке дайын инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді", – деп атап өтті "ҚазжолҒЗИ" АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Ғалия Асанова.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл университеттік білім мен еңбек нарығы талаптарының арасындағы алшақтықты азайтып, болашақ инженерлердің кәсіби даярлығын күшейтеді.
Келешекте ғылым, білім және өндірісті ұштастыратын бұл тәжірибені инженерлік кадрлар даярлаудың басқа бағыттарына да енгізу жоспарланып отыр.