Алматыда жол жиегіне қойылған көліктер айыппұл тұрағына жөнелтіліп жатыр

1454

Қар тазалауға кедергі келтірген көліктер айыппұл тұрағына кетеді.

Алматыда жол жиегіне қойылған көліктер айыппұл тұрағына жөнелтіліп жатыр

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жол жиегіне қаңтарылған көліктер жұмыстың жылдам жүруіне кедергі. Түнімен жауған қалың қардың кесірінен қалада 8 балдық кептеліс орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Машиналар тұрып қалады. Соның кесірінен осылай тоқтап қаламыз. Адамдар машинасын автотұраққа көліктерін дұрыс қоймайды", – дейді қар тазалайтын көлік жүргізушісі.

Таңнан трассаны тазалауға шыққан колоннаға сақшылар жол бастап жүрсе де, қарды күреп тастауға кедергі көп. Екі-үш көлік еркін сыятын жолды кеңейтуге күрегі үлкен КамАЗ-дардың өзі бірнеше рет айналып соғуға мәжбүр. Жұмыстың жылдам жүруіне жүргізушілердің өзі жол бермейді.

Көлікті кешке жолдың бойына қалдырып кетсеңіз, оны таңертең таппай қалуыңыз мүмкін. Күндіз күрелген қар түнімен тиеліп, сыртқа шығарылады. Ал жолдың бойында тұрған машиналар амалсыз эвакуаторға тиеліп, айыппұл тұрағына жөнелтіледі.

Ақпанның 6-ына қараған түні ақ ұлпа 20 см-ге жетіп, биылғы қыстың рекордтық көрсеткіші болды. Таңнан басталған көлік кептелісін сейілтіп, қара жолды қалың қардан аршу үшін 700-ден аса арнайы техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

"Құрылыс компанияларынан тағы 69 жүк тиегіш көлігі қосылды. Қала көшелерінде қиындық жоқ деп айтса болады. Қазіргі уақытта біз кешкі қарбалас уақыты аяқталған соң қар шығаруды бастаймыз. Сол уақытта көліктерді жолдың бойына қоймай, арнайы техникаға бөгет етпесе жақсы болар еді", – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Әрсен Ахметжанов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу