Алматы әкімі қала жолдары мен инженерлік коммуникацияны жөндеу жөнінде көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Бауыржан Байбек көшпелі жиын барысында аудан әкімдері мен басқарма басшыларының назарын екі маңызды мәселеге – жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуына аударды.
Биыл 120 шақырымнан астам жол орташа жөнделіп, 85 мың м2 тротуар мен 130 бекет алаңы салынады. Жол жөндеу жұмысына 7 млрд теңге, оның ішінде кезекті жөндеуге 1 млрд теңге, тротуар мен бекет нүктелерін ретке келтіруге 500 млн теңге, орташа жөндеуге 5,5 млрд теңге бөлінген.
"Бірінші кезекте, ұзындығы 37 км болатын 34 көшеге, сонымен қатар 12 магистралды көше мен 23 аудандық маңызы бар көшеге жөндеу жұмысы жүргізіледі. Айта кетейік, ұзындығы 31 км болатын 19 көшеге де орташа жөндеу жүргізудің сметалық құжаты жасалды. Қала көшелеріндегі ақауларды тауып әрі жөндеу үшін 4 мердігер ұйым мен 12 бригада жұмыс істейді, осы аптаның ішінде бұлардың саны 28-ге артады", – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
Ол Сайын көшесінен Жандосов көшесінің бойымен Тау самалы поселкесіне дейін күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Жөнделетін аумақтың жалпы ұзындығы – 2,08 шақырым. Жобаның құны – 1134,0 млн теңге. Жөндеу жұмысы барысында көлік жүретін жол 4 жолаққа дейін кеңейеді, Қарғалы өзенінің бойындағы көпір қайта жасалады, веложолдар мен тротуарлар салынады.
Айта кетейік, жол жөндеу жұмысында заманауи техника пайдаланылады. Асфальт төсейтін жаңа машина 8 тонна асфальт дайындап, оның температурасын 180 градуста сақтай алады. Бұл техниканың ерекшелігі – қыс кезінде де жол жөндей береді. Бұл техника Қазақстанда біреу ғана. Болашақта осындай бірнеше техника сатып алу жоспарда бар.