ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Алматыда автобус жүргізушісі 7 жасар баланы жүргіншілер өткелінен өткізбегені үшін жауапқа тартылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алматыда бір-екі күннің ішінде екі жол-көлік оқиғасы болды. Оның бірі жүк көлігінің қатысуымен болды. Расын айту керек, қайтыс болған жасөспірім кәдімгі жүргінші өтетін өткелген өтіп бара жатқан. Бұл қаланың орталығында болған жағдай емес, қаланың шетінде болған. Алматыда Айнабұлақ деген шағын аудан бар. Сол ауданнан төмен жақта, қаланың шетінде. Ол жақта жүк көліктеріне өтуге құқығы бар. Жаңағы бала жаяу жүргінші өткелінен өтіп келе жатқанда бір автобус алдынан өтіп кетеді де, содан қорқып, ол артқа қарай жүргенде қасында келе жатқан жүк көлігі баланы байқамай қалып, басып кетіп отыр", - деді ІІМ өкілі брифингте.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, автобус жүргізушісі баланы жүргінші өткелінен өткізбегені үшін жауапқа тартылды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қылмыстық істің шеңберінде жол апатына қатысты әрбір азаматтың жауапкершілігі қаралатын болады", - деді ол.
Айта кету керек, осыған дейін Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды анасының көзінше басып кеткенін жазғанбыз.