Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, 15:50 шамасында жүк көлігі Емцов көшесімен оңтүстік бағытта "ВАЗ" маркалы автобусты сүйретіп бара жатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қозғалыс барысында жүк көлігі мен автобусты жалғап тұрған сүйреу ілмегі үзіліп кетіп, нәтижесінде автобус бақылаудан шығып, тротуарға қарай бағыт алған. Осы сәтте ол жол жиегінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Оқиға салдарынан 1990 жылы туған ер адам ауыр жарақат алып, алған жарақаттарынан көз жұмды.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.