2019 жылы Жастар жылы аясында республикалық бюджет есебінен қала әкімдігі жұмыс жасайтын жастарға 1055 пәтер берген болатын. Биылғы жылы оларға тағы 1050 пәтер бөлінеді, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Алматы жастары" бағдарламасы аясында тағы 1 мыңнан астам пәтермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қосымша 10 млрд теңге бөлінді", – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Бұдан бөлек, 2019 жылдың 30 сәуірінен бастап аз қамтылған отбасылар үшін "бір терезе" қағидасы бойынша "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығы ашылды. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында 284 отбасы баспаналы болды.
Айта кетерлігі, 2019 жылдың тамызынан бастап қаланың барлық аудандарында осындай "Бақытты отбасы" орталықтары жұмыс істеуде. Мұнда әйелдер кәсіпкерлігін дамытатын "Isker Ana" бағдарламасы жүзеге асуда. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше "Isker Ana" бағдарламасы арқылы 1,2 мыңнан астам отбасыға бизнестерін ашуға қолдау көрсетілген. Тағы 3,7 мыңнан астам аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 126,9 млн теңге көлемінде демеушілік көмек берілді.