Алматы – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы станциядан жөнеліп жатқан кезде 32-35 жас аралығындағы үш ер адам қозғалыстағы локомотивтің баспалдағына секіріп мінуге әрекет жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Көлік полициясының қызметкерлері оларды дереу ұстады. Жағдайдың адам өміріне қауіп төндіретінін түсінген машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Соның салдарынан пойыз жоспардан тыс 2 минутқа тоқтаған.
Көлік полициясының қызметкерлері күдіктілерді дереу полиция бөлмесіне жеткізді. Тексеру барысында олардың Жамбыл және Алматы облыстарының тұрғындары екені анықталды.
Үш азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оларға қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде жүру, сондай-ақ теміржол көлігіндегі тәртіп ережелерін бұзу бойынша хаттамалар толтырылды.