Алматыда жыл басынан бері 53 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

360

Қалада құрылған жұмыс орындарының 47 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны.  

Алматыда жыл басынан бері 53 мыңнан астам жұмыс орны құрылды Фото: aso-cdo.ru

Алматыда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыс күші 1 млн 217,5 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 мың адамға көп. Бұл туралы Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.

Жұмыспен қамтылғандар саны 1 млн 164 мың адам болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 41,7 мың адамға артық. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,4% болып, республикалық көрсеткіштен төмен сақталды.

Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығына 54 044 адам жүгінген. Оның 43 942-сі жұмыссыз ретінде тіркелсе, 42 766 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты.

Оның ішінде 8 755 алматылық тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 5 613 адам жолдама алды. Атап айтқанда, 4 150 адам қоғамдық жұмыстарға, 614 адам "Күміс жас" жобасына, 362 адам "Алтын жас" жобасына қатысқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына 305 адам орналасса, 182 адам жастар практикасына жіберілді.

Кәсіптік оқыту мен біліктілікті арттыру шараларына да көңіл бөлінуде. Биыл 538 адам кәсіптік оқудан өтті, оның 451-і жұмыс орнында білім алды. "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 1 538 адам оқудан өтсе, тағы 2 215 адам enbek.kz платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгерді. Кәсіптік бағдар беру шараларымен 23 922 адам қамтылды.

Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 АЕК-ке дейін, яғни 1,73 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант беріледі. Биыл мұндай грант 165 адамға берілген. Гранттардың жалпы сомасы 285,1 млн теңгені құрады.

2026 жылы Алматыда 51 270 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 45 399-ы тұрақты жұмыс орны болуы тиіс.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада 53 026 жұмыс орны құрылды. Бұл жылдық жоспардың 103,4%-ын құрайды. Оның ішінде 47 441-і тұрақты жұмыс орны болса, бұл жоспардың 104,5%-ы орындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар 8 775 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу