Алматыда жыл соңына дейін қатты жер сілкінісі болмайды – сейсмолог

Қалада 2025 жылға дейін 28 ерте хабарлау жүйесі стансасы орнатылмақ. 

Алматыда жыл соңына дейін қатты жер сілкінісі болмайды – сейсмолог Фото: kk.atomiyme.com

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты.

"Біздің институттың базасында тұрақты болжам жасайтын комиссия бар. Оның қорытындысы бойынша, осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының аумағында қатты және зілзалалы жер сілкіністері күтілмейді", – деді спикер.

Сонымен қатар, ол Алматы тұрғындарын жалпықалалық жоспарлы сейсмикалық оқу-жаттығу кезінде үрейге бойы алдырмауға, әлеуметтік желілердегі арандатушылық сөздерге ермеуге шақырады. Жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу жыл сайын өтеді. Ол халықты жер сілкінісі кезінде әрекет етуге дайындау мақсатында өткізіледі.

 

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Дәулет Сәрсенбаев алдағы болжамды түрде жер сілкінісінің нақты күнін әлемнің ешбір жерінде анықтай алмайтындарын айтты. Дегенмен, бұл мәселемен алматылық ғалымдар айналысуда. Олар күн сайын сейсмологиялық станциялардан мәліметтер жинап, болжамды анықтау үшін 200-ден астам параметрді өңдейді.

 "0,7 ықтималдылық бойынша, біздің сарапшылар бізде күшті жойқын жер сілкінісі болмайды деп сенімді түрде мәлімдейді. Алматы қаласы тұрғындарын ескерту және алдын  ала хабарлау аясында әкімдіктің, Төтенше жағдайлар департаментінің және біздің Сейсмология институтының қолдауымен күшті жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2025 жылға дейін ерте хабарлау жүйесін Дәрмен мобильді қосымшасымен біріктіре отырып, 28 ерте хабарлау жүйесінің стансасын орнату жоспарлануда", – деді спикер.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу