Алматыда 1,5 мың мың өндіріс орындары арасында өткен "Қазақстанның үздік тауары" атты 11-ші өңірлік байқау-көрмесінің жеңімпаздары анықталды. Отандық жеңіл және тамақ өнеркәсібі, жұмсақ жиһаз, көлік, өндіріс жабдықтары және басқалары арасындағы бәсеке "Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар", "Халыққа қажет үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары" атты үш номинация бойынша анықталды деп, хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен, байқау барысында үш номинация бойынша бірінші орындарды радиациялық бақылау приборларын шығаратын "СОЛО ЛТД" ЖШС, киім тігетін "Angelcher" ЖШС, "Ет өңдейтін "Бижан" зауыты" ЖШС жеңіп алды.
Кейін өтетін "Қазақстанның үздік тауары" республикалық байқауында Алматынының намысын 9 компания (әр номинацияда үш жүлделі орын) қорғайтын болады.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жүлдегерлерді құттықтап, конкурсқа қатысқандардың барлығы өз саласының көш бастаушылары екенін, олардың тек мегаполистің ғана емес, жалпы Қазақстан индустриясының дамуына үлес қосып жүргендерін, оған дәлел 45 мың адам жұмыс жасайтын қала өндірісінің тұрақты дамып келе жатқаны екенін атап өтті.
"Мегаполис өндірісі 5 ай ішінде 4,6 пайызға өсіп, 340 млрд. теңгенің өнімін шығарды, өнім өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 9 млрд. теңгеге жетті. Өткен жылы қала кәсіпкерлері инновацияға өздерінің 12 млрд. теңге қаржысын жұмсады. Осының барлығы Мемлекет басшысы саясатының игі жемісі", - деді Алматы әкімі.
Алматы әкімі қазіргі заманауи кезеңде төртінші өндірістік революция барысында жаңа технологияның қарышты дамып, сандық технологияның алдыңғы сапқа шыққанын, соның арқасында сапалы тауарлар өндіріліп, қайта жаңғыру мен технологиялық жарақтануға инвестицияның кеңінен тартылатынын айтты.
"Алматыда 30 маусымда "Индустрия 4.0" атты VI Инновациялық форум өтеді, мұнда инновациялық экожүйе мен Smart City технологиясын енгізу талқалынады. Форум, бүгінгі шара сияқты – кәсіпкерлеріміздің жетістігін көрсететін әрі тәжірибе алмасатын, өндіріс интеграциясын кеңітетін алаң. Биылғы жылы нарық олимпінде жаңа компаниялар мен брендтер жарқырап көрінді, дегенмен жеңімпазды анықтайтын тек қана тұтынушы", - деді мегаполис әкімі.