Алматыда 155 төсекке арналған заманауи перзентхананың жаңа корпусы салынып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін медициналық мекеме жылына қабылдайтын босану санын 5 мыңнан 9 мыңға дейін арттыра алады.
Жаңа ғимараттың ауданы 10 458 шаршы метрді құрайды. Жертөле және техникалық қабаттарын қоса алғанда, үш қабатты корпус ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің заманауи стандарттарына сай жобаланған.
Жаңа корпуста қабылдау бөлімінде шұғыл операция жасауға арналған бөлме қарастырылған. Сондай-ақ операциялық бөлмелер саны екіден төртке дейін көбейтіледі. Бұл жүкті әйелдер мен босанатын аналарға хирургиялық көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа ғимарат 1938 жылы салынған, ауданы 3 347 шаршы метр болатын ескі корпустың орнына тұрғызылады. Бұрынғы ғимараттың тірек конструкциялары мен инженерлік желілері апатты жағдайда болған. Сонымен қатар нысан өрт қауіпсіздігі, желдету және инфекциялық бақылау талаптарына сәйкес келмеген, лифтілер де болмаған.
Құрылыс жұмыстарын аяқтап, жаңа перзентхана корпусын 2027 жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланған.