Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала инфрақұрылымының жалпы дайындық деңгейі 50,5 пайызды құрап отыр.
Кеңес барысында жылумен, электр қуатымен, газбен және сумен жабдықтау жүйелерін дайындау жұмыстарының барысы қаралды. Сондай-ақ тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға әзірлігіне ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 9 283 көпқабатты тұрғын үйдің 984-і дайындық актілерін алған. Инженерлік жүйелерді толық дайындау 10 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар биыл 20 шақырым жылу желісі, 379 шақырым электр желісі және 60 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жоспарланған.
Қорытындысында қала әкімі дайындық жұмыстарын жеделдетіп, барлық нысандардың қысқы маусымға толық әрі уақытылы дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.