Алматыда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Оңтүстік-Шығыс аудандық қазандықтың жұмысымен танысып, жылу нысандарын әзірлеу барысын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алматыжылукоммунэнерго" ЖШС-нің теңгерімінде 89 қазандық бар. Қазіргі уақытта олардың бірқатарында профилактикалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ жекеменшік қазандықтардың жұмысына назар аударылды. Қала әкімі олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, соның ішінде техникалық қызмет көрсету бойынша қажетті келісімшарттар жасасуды тапсырды.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды №56 гимназияны жаңғырту және №17 мектеп-интернатын күрделі жөндеу мен сейсмикалық күшейту жұмыстарының барысын көрді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға қосымша ресурстар тартып, барлық жұмысты жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау тапсырылды.