Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтың ресми сауалына берген жауабында 40 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы уақытша ғана тоқтатылғанын, ал оның орнына ешқандай әлеуметтік нысан салу жоспарланбағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жоспардан тыс тексеру барысында тапсырыс беруші құрылыс-монтаж жұмыстарын жоба-сметалық құжаттамасыз, сараптама мен техникалық қадағалаусыз бастағаны белгілі болды. Осыған байланысты компанияға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жұмыстарды тоқтату және заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді", – делінген қала әкімінің жауабында.
Алайда аталған нысанның жобасы тиісті органдардың келісуінен өткен. Сол себепті әкімдік жер телімінің жеке меншік екенін және тапсырыс берушінің құрылысқа бастапқы рұқсат құжаттарын алғанын алға тартты.
"Бұл учаскенің жеке меншік иелігінде болуына және 40 қабатты тұрғын үй жобасына рұқсат құжаттарының алынғанына байланысты, бұл жерде сквер немесе басқа әлеуметтік нысан салу жоспарланбаған", – деді Дархан Сатыбалды.
Осылайша, қала тұрғындарының наразылығына қарамастан, даулы көпқабатты үйдің құрылысы тек уақытша кідіріп, тиісті талаптар орындалған соң қайта жалғасатыны белгілі болды.