Алматыда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жалпы саны 4 мың бейнекамера орнатылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Полиция департаментінің дерегінше бейнекамераларды пайдалану қылмыстың азаюына оң әсер еткен.
"Бүгінде полиция 4 мың бейнебақылау камералары көмегімен қаладағы тәртіпті бақылайды, олардың ішінде 600 аппаратта жасанды интеллект жүйесі орнатылған және құқық бұзушылықтарды адамның қатысуынсыз тіркейді. Камера іздеуде жүрген адамды немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар автокөлікті анықтай алады. Олардың көмегімен жыл басынан бері 1 мың 400 қылмыс ашылды, 780 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды", – деді Алматы қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ Алматы қаласын дамыту жөніндегі бағдарлама аясында тәртіп сақшылары қаланың барлық нысандарындағы бейнекамералардың деректеріне қол жеткізе алады.
"Сауда үйлері, ауруханалар, емханалар, мектептер, бір сөзбен айтқанда, азаматтар жаппай баратын орындарындағы камералар. Осылайша, біз қалада 100 мың бейнебақылау камералары арқылы тәртіпті сақтауға мүмкіндік аламыз. Біз дәл осы алдын-алу шаралары жалпы қылмыстың азаюына оң әсер еткеніне сенімдіміз. Қала тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз болды. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасай береміз", – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.