Алматыдағы атысқа өзара жанжал себеп болған

985

Аяғына оқ тиген күзетші ауруханада жатыр.  

Алматыдағы атысқа өзара жанжал себеп болған

Алматыда Бұқар-Жырау Тауэрс тұрғын үй кешенінің күзетшісін атып кеткен ер адам терезеден секіріп мерт болды. Атқышпен келіссөз жүргізбек болған полиция қызметкерлерінің әрекетінен нәтиже шыққан жоқ. Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешеніндегі қарулы адамды ұстау операциясы жайлы баяндап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz..

"Бүгін күндіз "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешені күзетшісін бұзақылық ниетпен атқан және үйдегі пәтерлердің біріне жасырынған күдіктіні ұстауға бағытталған арнаулы операция аяқталды. Күдіктінің кім екені анықталды. Ұзақ уақыт бойы онымен келіссөз жүргізілді. Ол өзінің пәтеріне жасырынған. Келіссөз процесіне қаланың полиция, прокуратура органдарының қызметкерлері және оның таныстары қатысты", - деді ол.

Оның айтуынша, келіссөз барысында күдікті баспалдақ алаңына қарата шамамен 30 рет оқ атқан. Абырой болғанда полиция қызметкерлері зардап шеккен жоқ.

"Жүргізілген операция барысында тәртіп сақшылары қару қолданбады, тек шумдық және газ гранатасы қолданылды. Күдікті жауапкершіліктен құтылу үшін басын өлімге тігіп, терезеден секіріп кетті. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу қызметтері жұмыс істеп жатыр", - деді Әбдірахманов.

Сондай-ақ ол келіссөз барысы алты сағаттан астам уақытқа созылғанын жеткізді.

"Оның мұндай іске неліктен барғаны анықталуда. Ол полицияға ешқандай талап қоймады. Бұл іс сотқа дейінгі тергеу құжатына күндіз енгізілген болатын. Зардап шеккен күзетші медициналық ұйымда, оған қажетті көмектің барлығы көрсетілді",-деді ол.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 17-қабаттан секірген күдікті мерт болған. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметінің 4 бригадасы кезекшілік еткен.

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда белгісіз біреу тұрғын үй кешенінің күзетшісіне аңшы мылтығымен жаралаған болатын. Полиция департаментінің дерегінше, оқыс оқиғаға  жанжал себеп болған. Аяғына оқ тиген күзетші ауруханада жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу