Алматыдағы автобус апатынан кейін қоғамдық көліктерде дабыл түймесі орнатыла ма?

468

Автобустардағы қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі ұзақ уақыт полицияның назарынан тыс қалған. 

Алматыдағы автобус апатынан кейін қоғамдық көліктерде дабыл түймесі орнатыла ма? Фото: Куәгердің суреті

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қоғамдық көліктерде дабыл түймесін орнату мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналист министрлік өкіліне "Соңғы жағдайларға байланысты қоғамдық көліктерде дабыл түймелерін орнату бойынша жоспарланып отырған жұмыстар қашан басталады?" деген сауал қойды.

"Бүгінгі таңда бұл өзекті мәселе. Себебі қоғамдық көліктегі қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі ұзақ уақыт полицияның назарынан тыс қалды. Алматыда болған соңғы оқиғаларға байланысты апат салдарынан үш адам қаза тапты. Екінші оқиғада мас күйде болған біздің азамат басқа мемлекеттердің азаматтарына тиіскен болатын. Біз арнайы жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастырдық. Бұл іс-шараны өткізбес бұрын, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын осы көлік компанияларының басшыларын жинадық. Мұнда қоғамдық көлікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде жүргізушіге қатысты мәселелер де талқыға түсті. Аталмыш сұрақтарды талқылау барысында қоғамдық көліктерде бейнебақылау камераларының, сондай-ақ дабыл түймелерінің болуы мәселелері қойылды. Дабыл түймелерін орнатуға келсек, бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ осы көлік құралдары иелеріне тиесілі", - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, бүгінде министрлік қоғамдық көліктердің иелерімен бұл жұмысты жүргізіп жатыр, көбісі келіскен.

"Сонымен қатар бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар арқылы жүргізуге тырысатын боламыз. Дәл қазір нақты соманы атай алмаймын. Меніңше, оны айту ерте. Себебі әрбір қоғамдық көлік иесі оған қанша кететін өзі есептейді", - деп жалғастырды спикер.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржаспековтің айтуынша, қоғамдық орындарда дабыл түймелерін орнату мұндай фактілерге жедел жауап беруге ықпал ететін жақсы тәжірибе.

"Былтыр осындай 250 мың хабарлама келіп түсті. Бұл деректер бойынша ден қою шаралары қабылданды. Бүгінгі таңда қоғамдық орындарда 38 түйме орнатылған. Азаматтар оларға жүгінеді. Сондай-ақ SOS батырмасы бар 102 мобильді қосымшасы да жұмыс істейді", - деді Руслан Қаржаспеков тілшілердің сауалына берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу