Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин банкет залдарға мейрамхана форматына көшуге кеңес берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қалалық кәсіпкерлер палатасының алаңында бейне-конференция режимінде өткен кездесуде Жандарбек Бекшин 14 ақпандағы қаулыда енгізілген 14 жеңілдікке тоқталды. Тамақтану орындарындағы 50 адамдық шектеу бүкіл мекеме үшін емес, әр залға бөлек қолданылатынын да түсіндірді.
"Біз Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасымен бірге белсенді жұмыс жүргізіп, орталық органдарға сіздердің тілектеріңіз бен ұсыныстарыңызды жолдап келеміз. Жақын арада шектеулерді жұмсарту бойынша 2-3 тармақ енгізуді жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Тойхананың және банкет залдарының жұмысына қатысты сұраққа Алматының бас санитарлық дәрігері регламент бойынша барлық нормаларды сақтай отырып, бұқаралық және ұжымдық іс-шараларды өткізбей, 50 адамға дейін шектеумен, мейрамхана форматында жұмыс істей алатындықтары туралы хабарлады.
Есжан Ботақара