Алматыдағы барахолкада өрт қауіпсіздігі күшейтіледі

219

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданында бірқатар өзекті мәселе талқыланған көшпелі отырыс өткізді.  

Алматыдағы барахолкада өрт қауіпсіздігі күшейтіледі Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Кеңеске аудан әкімдігі, салалық басқармалар, коммуналдық қызметтер мен тиісті мекемелердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты әкімдікке сілтеме жасап.

Күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі Солтүстік айналма жол бойындағы рұқсатсыз сауда орындары болды. Атап айтқанда, осы жол мен Жұмабаев көшесінің бойынан бейберекет сауда нүктелері көптеп анықталған.

Аудандық полиция өкілдерінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері осы факті бойынша 756 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда, нәтиже шамалы. 

Жиын барысында базар аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі жеке қаралды. 2022 жылдың қарашасынан бері бұл аумақта бірнеше өрт оқиғасы тіркелген. Оған электр сымдарының қысқа тұйықталуы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы және қасақана өрт қою себеп болған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері нысан иелеріне ескерту үнемі табысталатынын, ал заңбұзушылықтар бойынша материалдар сотқа жолданатынын хабарлады.

"Егер жағдай өзгермей, нәтиже шықпаса, онда бұдан да қатаң шаралар қабылдануға тиіс", – деді Алматы әкімі ТЖД өкілдеріне қарата сөйлеген сөзінде.

Кеңесте инженерлік желілердің құрылысы, оларды коммуналдық меншікке өткізу, жол жөндеу жұмыстары, сондай-ақ "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы сөз болды.

Сонымен қатар, Жетісу ауданындағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің жайы назардан тыс қалған жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу