Полиция жиі шақырту алатын нысандар Назарбаев даңғылының 120 және 124-үйлерінде орналасқанын мәлімдейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мекенжайларда барлар, кафелер және өзге де ойын-сауық орындары жұмыс істейді. Ол аумақ полицияның тұрақты бақылауында тұр. Басты себеп – жақын маңда тұратын тұрғындардың қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың бұзылуына қатысты көптеген шағымы мен хабарламалары. Жыл басынан бері анықталған құқықбұзушылықтар бойынша полицейлер 257 әкімшілік хаттама толтырған.
Сонымен қатар, нысан басшыларына қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға әкеп соғатын себептер мен жағдайларды жою жөнінде де ұсынымдар берілген.
Десе де, қабылданған шаралар барлық жағдайда тиісті нәтиже бермей отыр. Қажетті талаптарды орындамағаны немесе атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынбағаны үшін нысан басшыларына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 479-бабы бойынша тағы 11 әкімшілік хаттама толтырылған.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың сөзінше, тұрғындар шағымы ескеріледі.
– Бұл аумақ полицияның ерекше бақылауында. Біз тек жасалған құқық бұзушылықтарға ғана емес, тыныштық пен қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты тұрғындардың шағымдарына да жедел ден қоямыз.
Ойын-сауық орнын ашып, оның жұмысын ұйымдастыру нысан иелері мен басшыларына сол аумақтағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жауапкершілігін де жүктейді. Мұны әрбір кәсіпкер түсінуі қажет.
Біздің басты міндетіміз – жақын маңдағы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін нысандарға қатысты алдын алу және бақылау шаралары тұрақты түрде жалғаса береді, – деді Тимур Ноғайбаев.